Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ЭКОНОМИКАНЫ ХАЛЫҚҚА БҰРАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

ЭКОНОМИКАНЫ ХАЛЫҚҚА БҰРАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, атқарушы биліктің атқарған жұмыстарының есебін тыңдады. Отырыста негізінен коронавирустық инфекцияның таралуы мен онымен күрестің нәтижелері баяндалды.

Мойындау керек, қауіпті індеттің алдын алуда, халықты ауруханалық төсек орынмен, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде, басқа да шұғыл медициналық көмек тұрғысынан қателіктер жіберілгені белгілі. Осыған орай Президенттің орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді саралайтын арнайы комиссия құру керектігі жөніндегі ұсынысы көңілден шықты. Рас, пандемиямен күрес нәтижесін сараптап, зерттеп, кемшін кеткен тұстарды анықтауымыз керек. Бұл біріншіден халықтың денсаулығы үшін, екіншіден алдағы уақытта жұмысты ұтымды әрі дұрыс үйлестіру үшін қажет. Әсіресе комиссия ұсыныс әзірлеу кезінде тиісті дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және ендігі жерде емдік препараттардың тапшылығынан туған дүрбелеңді қайта болдырмау мәселелерін бірінші кезекте назарға алса екен.

Сонымен бірге бүгінде тек еліміз емес, жалпы әлемде экономикалық көрсеткіштер мен өсім динамикасының бәсеңдегені байқалады. Осы орайда экономиканың дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы жақсарту бағытында Мемлекет басшысы Үкіметке өте маңызды әрі елге керекті тапсырмалар берді. Ол тиімсіз жобаларды, бастамаларды, стратегиялар мен бағдарламаларды іске асыруға қаражат бөлуді тоқтату, сондай-ақ экономиканы халықтың қажетіне қарай бұру. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Денсаулық сақтау, білім мен көмірсутегі құрамы аз технологиялар, ғылым мен экология ерекше назарды талап етеді. Басқаша айтқанда, біз экономиканы халыққа бұруымыз керек» деп атап өтті. Президент «Ұлттық экономиканың тиімділігін арттырып, құрылымдық реформаларға қадам жасайтын кез келгенін» де айтты.

Мемлекет басшысының осынау бастамалары еліміздің шағын және орта бизнес өкілдері үшін өте қажет. Бүгінгі қиын кезеңде бизнес саласында жүрген азаматтар мемлекеттің көмегіне шынымен де мұқтаж. Әсіресе экономикалық табыстан тапқан бар пайда елдің игілігіне жұмсалуы шарт. Ендеше Президент тапсырмаларын басшылыққа алып, осындай аумалы-төкпелі кезеңде экономикалық күш-қуатымызды қалай да арттыра беруіміз керек. Бұл елдің болашағы, келешек ұрпақ үшін маңызды.

Эльмира СОЗАҚБАЕВА,
«Іскер әйел» қоғамдық қорының төрайымы

 

Пікір жазу