Шымкент қаласы әкімдігінде қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Мәжіліс барысында штаб мүшелері қала басшысы Мұрат Әйтеновке өз бағытында атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.
Шымкент қаласының бас санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев залалсыздандыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқанын жеткізіп, арнайы мониторингтік топтың жұмысы нәтижесінде қалада дәріханалардағы дәрілерлердің бағасы тұрақтала бастағанын алға тартты. Одан бөлек, айыппұл салу жұмысы күшейгенін тілге тиек етті. Яғни, енді тұтынушыларға есепшот бермеген дәріханалар да әкімшілік жауапқа тартылады.
Жиын барысында қаладағы дәрілік заттар сақтайтын қоймалар мен дәріханадағы дәрілердің жетіспеушілігі бүгінде жақсара түскені айтылды. Бұл мәселені шешу жөнінде шет елдерден ең керекті дәрі-дәрмектер алынған. Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы дәріханаларда 11 893 – қызу басатын дәрі, 40 845 – антикоагулянттар, 90 106 – бактерияға қарсы терапия, 81 175 – вирусқа қарсы дәрі, 907 – аскорбин қышқылы және 87 148 жеке қорғану құралдары бар.
Штаб отырысында М.Әйтенов баяндамашыларды тыңдап болған соң, әр саланың басшыларынан түйткілді мәселелерін сұрап, ол мәселелер лезде шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ тиісті мамандарға жан сақтау бөліміндегі ахуалды қалыпқа келтіруді тапсырып, реанимациядағы бос орындар санын 60 пайызға түсіру керек екенін айтты. Ал провизорлы орындар жеткіліктігін, қазіргі таңда олардың 40 пайызы бос екенін алға тартты. Осы ретте М.Дүйсенбекұлы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбектен жақында ашылғалы отырған провизорлы орталық жайында сұрады. Орынбасардың айтуынша, бес қабатты 1500 орындық провизорлы орын ашылады. 1-2 қабатта – 300 орын, 3-4-5 қабатта 1200 орын болады. Медициналық кислородты баллондармен толық қамтылады.
Жиын соңында қала басшысы қалада шектеу шаралары күшейіп және эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бүгінде жағдай қалыпқа түсе бастағанын жеткізді. Дегенмен бұл жұмыстарды әлі де күшейту керек екенін айтты.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: Береке Сейітжаппар