Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ: ЕЛТАЙДАҒЫ БЕС ОТБАСЫ ЖАҢА БАСПАНАЛАРЫНЫҢ КІЛТІН АЛДЫ

ШЫМКЕНТ: ЕЛТАЙДАҒЫ БЕС ОТБАСЫ ЖАҢА БАСПАНАЛАРЫНЫҢ КІЛТІН АЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов табиғи апаттың салдарынан зардап шеккен Елтай тұрғын алабындағы 5 отбасыға баспана кілтін табыстады.
Құрылысы бір жарым айда аяқталған үйлердің өлшемі 11х11 метрді құрайды.

Ал аумағы 112.36 шаршы метр. Сонымен қатар, жаңа үйлердің қабырғасы газаблоктан, шатыры профнастил материалдарынан салынған. Бұдан бөлек, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары да жүргізілді. Үйлердің құрылысын «Bi Group» компаниясы өз қаржысы есебінен жүргізді.
Баспана иелерін жаңа қонысымен құттықтаған қала басшысы аталмыш құрылыс мекемесіне алғысын жеткізді.

Сонымен қатар Елтай тұрғын алабын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысқан қала әкімі орташа жөндеуден өткен Баубақша мен Нұрсәт көшелерін аралап көрді.

Жалпы тұрғын алапта 5,5 шақырымды құрайтын 3 көше мен 1 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бюджеттен 186,5 млн. теңге қаржы қаралған.

Су тасқынынан зардап шеккен Елтай елдімекені тұрғындарының жаңа қоныстары құтты болсын!

 

Пікір жазу