Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық ахуал туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жақсылық Мәуленов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалада 14 емхананың күндізгі бөлімінде ЖРВИ және пневмониямен ауыратын науқастар барып, дәрігерге қаралып, тегін дәрілерді ала алады. Бұл ретте, соңғы 7 күнде Үкімет тарапынан бөлінген екі ұшақпен және бес жүк көлігімен Үндістан, Ресей мен Украина елінен қажетті дәрілер қаламызға жеткізілді. Олар ең алдымен қаладағы медициналық ұйымдарға, сосын дәріханаларға таратылуда. Дәрілік қор жеткілікті.
— Өздеріңізге белгілі, күні кеше Шымкентке Ресейден бір топ дәрігер келіп, коронавирустық инфекциямен күрес бойынша тәжірибе алмасуда. Ол дәрігерлер 3-4 топқа бөлініп, белгілі бір ауруханаға бекітілген. Екіжақты жұмыстардың нәтижесін алдағы уақытта жариялап отыратын боламыз, — деді Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін қалада коронавирус індетін жұқтырған 4251 адам тіркелген, қауіпті індеттен 2499 азамат жазылып шыққан.
©Өз тілшімізден