Шымкент қаласында карантин басталғалы жұмысын тоқтатпаған саланың бірі — жол құрылысы нысандары.
— Жалпы қала бойынша биыл 414 шақырым жолда орташа жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл оның 313 шақырымын пайдалануға берсек деп отырмыз. Оның ішінде 75 шақырымы магистральды көшелер, — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов.
Қалаішілік көшелерден Әл-Фараби ауданы Забадам шағынауданындағы Саттарханов көшесі; Қаратау ауданы Тұран шағынауданындағы Байжігітов көшесі; Абай ауданы Солтүстік-Батыс шағынауданындағы Тарактас көшесі; Самал-2 шағынауданындағы Болашақ, Ермекбаев және Сейтов көшелерінің орташа жол құрылыс жұмыстары толығымен аяқтап, пайдалануға берілді. Сонымен қатар қала ішінде жүргізіліп жатқан жұмыстар қаланың сәулеттік келбетінің одан әрі артуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.
«Шымкентте жолдардың құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес үздіксіз атқарылуда. Әр нысан бойынша өзіндік межелеген мақсатты жоспары бар. Жұмыстың сапасы мен жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы қадағалаушы мамандар бар» деп атап өтті қала басшысының орынбасары.