Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов карантин кезінде қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, қала аумағында карантиндік талаптардың сақталуын бақылау мақсатында арнайы мониторингтік топтар жұмыс істеуде. Әрбір топтың құрамына учаскелік полиция инспекторы, аудан әкімдіктерінің, аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, қалалық прокуратураның өкілдері бар.
Қаламызда жалпы 30 мобилдік топ рейдтік іс-шаралар жүргізіп, карантин талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу бойынша 299 жайтты анықтаған. Тәртіп бұзушылықтар сауда орталықтарында, дүкендерде, кафе, тамақтандыру мекемелері мен басқа да қоғамдық орындарда орын алған. Сонымен қатар, ескерту іс-шараларын өткізу бойынша 11 факті анықталған.
Брифингте Полиция департаментінің басшысы заңсыз дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатып сату фактілері де орын алғанын атап өтті.
— 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап бүгінге дейін Полиция департаментімен жедел профилактикалық шаралар жүргізу барысында дәрі-дәрмек тапшылығы мен бағасының қымбат сатылуы және интернет желісі арқылы жарнамалау фактілері анықталды. Қала бойынша заңсыз дәрі-дәрмектің бағасын қымбат сатылуы бойынша 15 факті белгілі болды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабымен қылмыстық істер сотқа дейінгі тергеп, тексеру бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қала прокуратурасы тарапынан қылмыстық істердің тергеу реттілігі айқындалды. Зерделеу жұмыстары қатаң бақылауда, — деді Ералы Мұсаәліұлы.
© DIDARBEK.kz