Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қоғамдық көлік саласын жақсартудың алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қаладағы қоғамдық көліктердің санитарлық нормаларға сай келуін бақылайтын 11 мониторингтік топ жұмыс істеуде. Нәтижесінде талапқа сай жұмыс істемей жатқандар кездесуде. Яғни, кей күндері амалсыз 3 көлік жүргізушісімен келісімшартты бұзған сәттеріміз болуда. Бұл ретте тасымалдаушы компанияларға арзан бағада бетперде әпергенімізді айта кетейін. Егер жолаушы бетпердесін ұмытып кеткен жағдайда көлік жүргізушісінен сатып ала алады. Бағасы 50 теңгеден аспауы тиіс, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Одан бөлек, брифингте қала әкімінің орынбасары қоғамдық көліктердің жүру уақытының ара қашықтығы жөнінде мәселе көтерген БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.
– Қалада 24 тасымалдаушы компания бар. Оның 3-еуі ғана өз бағыттарын дұрыс ұстайды. Қалғандары кейде жүру уақыттарын 40%-ға дейін төмендетіп жібереді. Себебі жүру тәртібін бұзбайтын 3 тасымалдаушы компания мемлекеттік бюджеттен субсидияланады. Ал жақында электрондық жүйеге көшкен соң, қоғамдық көліктер 90 пайыз жаңа болады және тасымалдаушы компаниялардың бәрі мемлекеттен субсидияланады. Нәтижесінде бұл мәселе толықтай шешіледі, – деді М.Исахов.
Брифинг барысында Талғат Байжанұлы қаладағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттендіру жүйесін енгізу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
© DIDARBEK.kz