Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде «Облыста энергоүнемдеу және энерготиімділікті арттыру жұмыстарының барысы» туралы мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселеге көшпес бұрын өңір басшысы барша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына бүгінгі алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессиясында сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасымен танысып, қойылған міндеттер бойынша нақты жоспарлар жасауды тапсырды.
Жаңа оқу жылының басталғанын айтқан аймақ басшысы білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар, облыстағы мұғалімдерді қызметтік пәтермен қамту үшін барлық аудан-қалалардан типтік үлгідегі тұрғын үйлер салуды қолға алу керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді құрылыс басқармасына жүктеді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым өңірде энерго аудит жүргізу ісі кешеуілдеп отырғандығын айтты. Оның айтуынша, облыста 103 нысанның тек 48-не ғана энерго аудит жүргізілген. Яғни, 55 мекемеде бүгінгі күнге дейін энерго аудит жүргізілмей, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң талаптары өз деңгейінде орындалмай отыр.
Осы мәселеге мән берген облыс әкімі аудит жүргізу жөніндегі тиісті жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін атқаруды тапсырды.
«Шымкент қаласында баламалы көздерді (күн сәулесінен) пайдалана отырып, электр қуаты мен табиғи газды үнемдеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерге су жылыту құрылғылары орнатылуын тапсырамын. Тапсырманы қатаң бақылауда ұстау қажет», – деді Жансейіт Қансейітұлы.