Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде «Облыс аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары» туралы мәселе қаралды.
Бұл ретте облыс әкімінің көршілес облыстар мен шетелдің оң тәжірибесін қолданысқа енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы сөз болды. Десек те, көшені тазалау, бей берекет күл-қоқыстарды жою және үй қасбеттерін әктеу, сырлау бойынша тапсырмалардың орындалуы баяу. Атап айтқанда, көше бойларын тазалау бойынша жоспар Шымкент қаласында – 30 пайызға, Отырарда – 75, Ордабасыда – 38, Мақтааралда– 40, Арыста – 42, Шардара ауданында 49 пайызға ғана орындалған.
Тазалықты қамтамасыз ету жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсен Жанбосыновқа сын ескертпелер айтылып, бірқатар тапсырмалар жүктелді.
«Бүгінде Шымкент қаласында тазалықты қамтамасыз ететін 3 мекеме бар, онда бір мың адам жұмыс істейді және 203 техника бар. Алайда, осыған қарамастан тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары көңіл көншітпейді. Бұл жағдай облыс орталығы үшін өте ұят. Тиісті қорытынды шығарыңыздар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы облыс бойынша кондоминиум мен пәтер иелерінің кооперативтерін құру жұмыстарын жеделдетіп, отырғызылған тал-дарақтарды күтіп-баптау мәселелеріне аса мән беруді тапсырды.