Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы білім ұяларының материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл облыстық бюджет есебінен Алғабас, Бірінші Мамыр, Әл-Фараби жалпы орта мектептерінде оқу блогы, асхана, еңбек шеберханасы, спорт, акт зал, кітапхана құрылыстарына қаржы бөлінген. Сондай-ақ жаңа оқу жылында алғабас орта мектебінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Алдағы жылы ауданда Бірінші мамыр, Әл-Фараби жалпы орта мектептерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, жалпы Төлеби ауданында 67 мектеп бар. Оның 52-сі орта, 6-уы негізгі, 9-ы бастауыш мектеп, 5-уі мектептен тыс мекеме саналса, 28-і мемлекеттік балабақша, 19-ы жекеменшік балабақша, сондай-ақ 21 шағын орталық пен 2 кешкі мектеп жұмыс істейді.
«Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен биыл ауданынмыздағы 4 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Шомшақты орта мектебінің спорт залының төбесін жабу, №3 орта мектебіндегі газ қазандығын ауыстыру, №2 орта мектеп ауласына асфальт төсеу, Мәдени орта мектебінің сыртын сылау жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, 67 мектептің оқу ғимараттары әктеліп, боялып, оқу жабдықтары жөндеуден өтті», – дейді аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.
Биыл сондай-ақ аудандағы 44 мектепке 5133 дана парта орындығымен және 144 дана тақта алуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініпті. Аудандағы 67 мектептің 66-сы автономды жылыту жүйесімен, ал Тағайна орта мектебі пешпен жылытылады. 37 мектеп көмір, 31-і сұйық отын пайдаланады. Қажетті көмір мектептерге тасылып, арнаулы қоймаларда сақтаулы тұр.
Облыс әкімінің мектептердегі жылыту жүйесін сығымдаудан өткізу тапсырмасы да ойдағыдай орындалған. Айталық, 67 мектептің жылыту жүйесі сығымдаудан өткізіліпті.