Өтірік уәде берген ұнамайды. Республика деңгейінде шешілетін мәселені Үкіметке барып жатсам айтармын. Нақты болатын, сөзден іске көшетін, үлесімді қосып, шешуге ықпал ете алатыным.
Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!
Менің сайлауалды бағдарламамның бірінші бағыты мұғалімдердің жағдайын жақсарту. Ұстазға құрмет бәрімізге міндет деп санаймын. Ұлт дамуы үшін ең алдымен білімді ұрпақ тәрбиелеп, өсіруіміз керек. Бұл бағытта ұстаздар қауымының рөлі ерекше екені айқын.
✅ Сол себепті бірінші кезекте ұстаздардың жағдайын жасау керек.
- Мұғалімдерді жазғы демалыста денсаулық сауықтыру орындарына тегін жіберу. Ұстаз денсаулығы жақсы болса, оқушы жақсы білім алады.
- Балабақша тәрбиешілерінің беделін көтеру.
- Білімін арттыру үшін шетелде тәжірибе алмасуға арнайы бағдарлама енгізу.
- «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында мұғалімдерді газет, журналға мәжбүрлі жаздыруды тоқтату. Мұғалім өзін және балаларды қауіп-қатерден қорғауы үшін білім ұясын бейнекамерамен қамтамасыз ету.
- Ұстаздарды зейнетке ертерек шығару. (Мәселен білім сапасы ең қатты дамыған Жапонияда мұғалім 15 жылдан соң зейнетке шығуға құқылы).
- Мұғалімдердің жұмысқа пара беріп жұмысқа кіруін толық жою.
Ұрпақ болашағы ұстаздардың қолында. Менің мақсатым — мұғалімдердің беделін арттыру. Ұстаздар қауымына қорған болу.
✅ Екінші бағытым халық денсаулығы. Халықтың денсаулығы жақсы болуы үшін дәрігерлердің жағдайын жақсарту керек. Пандемия кезінде дәрігерлер қауымы қалай еңбек еткенін білесіздер. Алайда сол жұмыстары лайықты бағаланды ма? Республикалық БАҚ беттерінде еліміздің әр өңірінен ақ халатты жандардың мәселесі көтерілді. Міне, осындан-ақ біздің дәрігерлердің жағдайы дұрыс жасалмағаны анықталды. Алдымен дәрігерлердің жалақысын көтеріп, пәтермен қамтамасыз ету керек.
✅ Үшінші бағыт шалғай елдімекендерді көркейту. Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша шешімін табуы керек мәселелер төмендегідей. Абай ауданынан праймеризге түскен соң, сондағы проблемаларды зерттедім. Ауданда 34 елдімекен бар. Негізгі өзекті мәселелер;
Ауданда 12 елдімекен құдық және тасымалды ауыз суларын пайдаланады.
11 елдімекен жеке меншік трансформатор электр жарығын пайдаланып келеді.
9 елдімекен әлі күнге дейін көмір жағады.
Мен бірінші кезекте осы айтылған бағыттар бойынша мәселелерді шешуге үлес қосып, нәтижеге жұмыс істеймін.
© «Nur Otan» партиясының праймеризіне Шымкент қаласынан үміткер
Дастан Баширов Асқарұлының сайлауалды бағдарламасы