Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұжымымен кездесті.
Қала әкімі кездесу барысында «Парасат» құқықтық мәдениетті қалыптастыру орталығының жұмысымен танысты.
Университеттің миссиясы сапалы, бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ол үшін студенттерге білімімен қоса тәрбие берілуі керек. Сондықтан «Парасат» орталығы университет қабырғасында адалдық, парасаттылық, жауапкершілік, ізгілік сияқты қасиеттерді дамыту мақсатында жұмыс істейді.
Сондай-ақ, әкім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының және «Smart Square» студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысып шықты.
«SMART SQUARE» студенттерге қызмет көрсету орталығы — бұл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қызмет көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігі үшін жағдай жасау, қызмет көрсетудің жоғарғы стандарттарын енгізу, сыбайлас-жемқорлық қауіптерінің алдын алу, білім беру сапасын арттыру және академиялық адалдық қағидаларын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған сервис орталығы.
Сонымен қатар қала әкімі «Университет ғылымын қала экономикасымен интеграциялау бағыттары» ғылыми жетістіктер көрмесін аралап, университеттің ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларының жұмысымен танысты.
Айта кетейік, бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 22 мыңнан астам студент, 532 магистрант және 142 PhD докторант білім алуда.
© DIDARBEK.kz