Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА АРНАЛҒАН

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА АРНАЛҒАН

Оңтүстік Қазақстан облысында азаматтық қорғаныс саласында басшы құрамды дайындау жоспарына сәйкес кешенді оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Оқу-жаттығу барысында Шымкент қаласында жалпы қалалық сейсмо жаттығу, практикалық түрде шатырлы қалашықты жаю іс-шарасы өткізілді.

Бүгін облыста басталған оқу-жаттығудың аясында облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Мәжіліске Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері мен жедел топ мүшелері қатысты.

Жиында тиісті сала жетекшілеріне штабтық машықтануды жүргізу кезінде атқарылатын жұмыстар бойынша міндеттер белгіленіп берілді.

Төтенше жағдай орын алғанда зардап шеккен және баспанасыз қалған халықты қабылдау үшін жасалған шатырлы қалашықтың дайындығымен бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы барып танысты.

Қалашықтың жұмысымен танысу барысында әкім Шымкент қаласы 7 баллдық күші бар жер сілкінісі болуы мүмкін жоғары сейсмикалық белсенді аймақта орналасқанын айтып, шатырлы қалашық тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса қажет екенін жеткізді.

Шатырлы қалашықтың құрылымына қала әкімшілігі, қабылдау пункті, тіркеу орны, ақпарат пен байланыс пункті және пошта-телеграф кіреді. Бұл қалашықтың әкімдігі жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларынан құралатын болады. Шатырлы қалашықта тұрғындар суық мезгілде тұрғын орынмен, тағаммен, сумен, жылы киіммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса, медициналық, қоғамдық тәртіпті қорғау, өртке қарсы көлік құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, шатырлы қалашықта 100 мыңнан астам адамды уақытша орналастыруға болады.

Айта кетейік, 7 баллға дейінгі жер сілкінісі кезінде шығындардың мүмкін саны 11% құрайды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу