Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ОНЛАЙН ЖИЫН ӨТТІ

БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ОНЛАЙН ЖИЫН ӨТТІ

Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті білім саласы қызметкерлерімен онлайн жиын өткізді.

Кездесуге Департамент басшысы А.Жұмағали мен оның орынбасарлары Т.Серікбаев, Б.Ұзынжас, қала әкімінің орынбасары М.Исахов және білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, жалпы 250-ге жуық адам қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Департамент басшысы Асхат Жұмағали іс-шараның басты мақсаты жемқорлыққа жол бермей, орын алған мәселелерді түбегейлі шешу жолдарын қарастыру екендігін атап өтті.

Онлайн шара барысында білім басқармасына қарасты мектеп директорына қатысты Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы тәртібінде ұсыну қаралды.
Мектеп директорына қатысты мемлекеттік бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланып, өзінің қарамағындағы қызметкерлерден ақысыз демалысқа жібермеу үшін пара алды деп күдіктелуде.

Кездесуде жемқорлық іс-әрекеттерінің мән-жайлары мен себептері талқыланып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен мән-жайлардың туындауына себепкер болған кінәлі лауазымды тұлғалардың, оның ішінде білім басқармасының орынбасары мен мектеп директорын лауазымынан босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілігін қарау,тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Сонымен қатар, жыл басынан білім саласында 17 қылмыс тіркелгендігі, сонымен қатар, жемқорлық схемалары ашылғаннан кейін де білім басқармасы тарапынан жағдайды өзгерту үшін түбегейлі шаралар қабылданбағандығы айтылды.

Өз кезегінде қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстармен таныстырып, берілген ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Іс-шарада білім саласы қызметкерлері арасында парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік құндылықтарын енгізуге баса назар аударылды.

Айта кету керек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады.

© DIDARBEK.kz

 

Пікір жазу