Бүгін, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, шымкенттік қарияларға лайықты құрмет көрсетілуде. Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Осы дәстүрді бек ұстанған Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева қаламыздағы ардагер журналистерді бүгінгі мерекелерімен құттықтады.
Журналистика саласында ерен еңбектерімен еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан, қазір де сол салада жастарға ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар көрсетіп жүрген өз ісінің шеберлері бүгінгі ыстық ықыласқа дән риза болды.
– Халқымыз қашан да үлкенге құрмет көрсетіп, оларға жанашырлықпен әрі қамқорлықпен қараған. Ұрпаққа үлгі болған бұл игі дәстүр қазір де жарасымды жалғасуда. Ел алдында сіңірген еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, бақыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! – деді басқарма басшысы Жанар Бектаева.
Айта кетейік, Халықаралық қарттар күні болып осыдан 30 жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бекітілді. Алғашында Еуропа мен Америкада тойланып келген мереке уақыт өте бүкіләлемдік деңгейге ие болды. Елімізде қарттар күні республикалық деңгейде жылда аталып өтіледі.
© DIDARBEK.kz