Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » АГЕНТТІК ӨКІЛДЕРІ ШЫМКЕНТТЕ

АГЕНТТІК ӨКІЛДЕРІ ШЫМКЕНТТЕ

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің  Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы және  республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада мегаполиске жұмыс сапарымен келді.

Агенттік өкілдері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық және транпоренттілік қағидаттарын енгізу мақсатында қала активімен кездесу өткізді.

Қала әкімі М.Әйтенов төрағалық еткен жиынға «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, қоғам белсенділері қатысты.

Қала әкімі атап өткендей, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты міндеттерді айқындап, қоғам мен мемлекет игілігі үшін осы бағытта бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, өңір басшысы қаладағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы бірқатар жобалардың, соның ішінде «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысының тиімділігіне тоқталды.

Аталған жоба аясында мемлекеттік органдардың трансформациялану жайы хабарланды. Қала және 4 аудан әкімдігінде сервистік әкімдіктер ашылып, 200-ге жуық мекеме OpenSpace форматында жұмыс жасауда.

Кездесу барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада жемқорлықтың алдын алудағы насихаттық жұмыстар оң әсер беретінін, қоғамдық сананы жаңғыртуда адалдық, адамгершілік қағидаттарын сіңіру қажеттігін айрықша атап өтті.

Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатынан, оның ішінде Агенттік тарапынан осы дертпен күресу мақсатында қолға алынған жобалармен таныстырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Ол сондай-ақ қоғамның мемлекеттік ұйымдардың бюджетін бақылау, мемлекет пен қоғам арасындағы тікелей байланыс арнасын құру үшін құрылған «Ашық бюджет» жобасын таныстырды.

Кездесуді қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысушыларға алғысын білдіріп, жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.

Айта кетейік, аталған жұмысшы топ мегаполиске сапары барысында полиция, мемлекеттік кірістер, білім салалары өкілдері мен көп балалы аналармен кездесіп, қаладағы дәрі-дәрмектер қорымен танысуы жоспарлануда.

@DIDARBEK.KZ

 

Пікір жазу