Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында отандық медицинаны дамытуға және осы саладағы өзекті мәселелерді шешу жұмыстарына қатысты нақты тапсырмалар берген болатын.
Осы ретте, арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы қаладағы «СК-Фармация» қоймасына барып, сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жеткізілу деңгейіне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
«СК-Фармация» қызметкерлерінің айтуынша қалада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және шетелдерден де гуманитарлық көмек келіп жатқандығын жеткізді. Қоймада оңтүстік өңірлерін, яғни Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласын қамтитын дәрілер сақталуда. Қала қоймасында коронавирусқа қарсы препараттың 34 түрі бар. Шымкент қаласында Бірыңғай дистрибьютор арқылы 60 медициналық ұйым (тапсырыс берушілер) қамтамасыз етіледі. Тапсырыс берушілердің атына тауарды жөнелту Шымкент қаласының тарату қоймасы арқылы жүзеге асырылады.
2020 жылға Шымкент қаласының 60 тапсырыс берушілерімен қосымша өтінімдерді ескере отырып, жалпы сомасы 7,25 млрд.теңгеге дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді жеткізуге 558 сатып алу шарты жасалған.
«СК-фармация» қоймасының жұмысы мен дәрі-дәрмектер қорымен танысқан Ғанижан Асанұлы қаладағы «СК-Фармация» басшылығын дәрі-дәрмектер қорымен халықты таныстыру, індеттің ықтимал екінші толқынына дайындық барысымен таныстырып отыру мақсатында брифингтер өткізіп, «Antikor.Live», «Адал көмек» жобалары аясында тікелей эфирге шығып отыруды ұсынды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанындағы Жұмысшы топпен 365 дәріханалар мен 36 қоймаларға, 30 медициналық мекемелерге мониторинг жүргізілген.
Толық мәліметті https://www.facebook.com/depshymkent/videos/1608588769347901, https://www.facebook.com/depshymkent/videos/393893495075898 сілтемелерінен көре аласыздар.