«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев тікелей эфирге шығып, «Адал жол» жобасы аясында мегаполисте атқарылған жұмыстармен таныстырды.
«2018 жылы Агенттік пен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында теміржол жолаушылар көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісім аясында «Адал жол» жобалық кеңсесі құрылды» – деді Талғар Серікбаев.
Спикердің айтуынша, Жобалық кеңсе қоғамның теміржол жолаушылар тасымалының тиісті жұмыс істеуін, халықтың теміржол жолаушылар көлігінде көрсетілген қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, сондай-ақ алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізеді.
Эфир барысында жолаушыларға қолаулы жасау үшін теміржол көлігіне билеттерді сатудың жаңа ақпараттық жүйесі енгізілгендігі, ол өз кезегінде билеттерді сатып алу кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, делдалдардың билеттерді жаппай сатып алу мүмкіндігін шектейтіні айтылды.
«Шымкент-адалдық алаңы» жобасы аясында Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен алып-сатушыларды анықтау үшін жасырын сатып алушы іс-шаралары жүргізіледі.
«Департамент, көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, жол бойында жолаушылар поездарына рейдтік шаралар жүргізілген. Нәтижесінде жолаушылар поездарында 115 қағида талаптарының бұзушылықтары анықталып, олар бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 74 хаттама толтырылып, әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылған» – деді Департамент басшысының бірінші орынбасары.
Спикер карантин режиміне байланысты қазіргі таңда рейдтік іс-шаралар уақытша тоқтатылғанымен, Жоба аясында тиісті жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.
@DIDARBEK.KZ