Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » 570 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТЕДІ

570 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТЕДІ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды.  Соның бірі – аймақтың 2017 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қортындысы болды. Бұл туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов баяндама жасап, саладағы атқарылған жұмыстарға есеп берді.

Оның айтуынша, облысымыздағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 510,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға артқан. Ал, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 353,0 млрд. теңгені құрап, 2,4 пайызға өсіп отыр. Жылдың қорытындысымен кен өндіру өнеркәсібі өнімінің көлемі 200 млрд. теңгені құраған.

«Облысымызда жеңіл өнеркәсіп – 5,2 пайызға, машина жасау – 32,7, химиялық өнеркәсіп – 17,3, металлургия – 17,0, өзге металл емес минералдық өнімдер – 14,8, фармацевтикалық өнімдер – 12,1, тамақ өнімдерін өндіру – 8,4 пайызға артып отыр. Жылдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 570 млрд. теңгені құрайды деген жоспар бар», — деді Арман Сәбитұлы.

Биыл облысқа 266,0 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,8 пайызға артқан. Ал, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 257,4 млрд. теңгені құраса, мал шаруашылығында мал басының саны орташа есеппен 5,5 пайызға көбейген. Сондай-ақ, ет өндірісі – 5,1, сүт – 2,0, жұмыртқа – 9,1 пайызға өскен.

Облыс әкімі жоғарыда аталған салалар бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудан, қала басшыларының жұмысын жандандыру қажеттігін ескертті.

«Сыртқы инвестиция тартуды жандандыру қажет. Сонымен қатар басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері 2017 жылға жоспарланған индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етіп, индикаторлардың орындалуы туралы ақпаратты ай қорытындысымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынуды тапсырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Мәжіліс барысында облыстық бюджеттің игерілу барысы да талқыланды. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рақымберді Мүлкеманов баяндама жасап, жыл соңына дейін тиісті қаржылардың игерілу қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте облыс басшысы жергілікті бюджеті игеру мақсатындағы жұмыстарды жетілдіріп, нақты жоспар құруды жүктеді.

Өз тілшімізден

Пікір жазу