Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Оңтүстік» индустриалды аймаққа жасаған сапары барысында «Шымкент Темір» ЖШС-нің болат құю зауытының құрылысымен танысты. 2018 жылы іске қосылатын өндірістің жалпы құны 4,2 млрд. теңге болып отыр. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ.
Сондай-ақ, әкім заманауи шыны шығаруда шетелден кем түспейтін әрі сәулет құрылысында қолдануға ыңғайлы әйнек шығаратын «Фирма Дана» зауытының өнімімен танысты. Шыңдалған шыны өндіретін зауыт тәулігіне 1700 шаршы метр әйнек шығарады. Жаңа технологияға негізделген шыны қыста үйдегі жылуды сақтаса, жазда бөлмедегі температураны бірқалыпты күйде ұстайды. Бұл шынылардың тиімділігі жылу өткізгіштігінде.
Сапар соңында облыс әкімі Ж.Түймебаев «Оңтүстік» индустриалдық аймағы өңірдегі аудан, қалаға үлгі болуы керектігін айтып, онда орналасқан кәсіпорындардың жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, өңірдің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған іскер азаматтарға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриялды аймақта жалпы сомасы 55,8 млрд теңге болатын бес мың жұмыс орнымен 85 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда мұнда құны 21,4 млрд. теңге болатын 46 жоба іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр.