Түркістан қаласында инфрақұрылым аяқталмай жер берілмейді. Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюпов Instagram желісіндегі жеке парақшасында тікелей эфир арқылы айтып өтті. WhatsApp мессенджерінде тегін жер беріліп жатқаны және ол бойынша Халықтық кеңсеге бару қажеттігі жайлы ақпараттар тарауда.
Рашид Абатұлы жалған ақпарат тарататындарға Заңмен шара көрілетінін айтып, қазірде ешқандай жер беріліп жатқан жоқ екенін айтып өтті. «Тек Түркістан қаласының азаматтары ғана емес, көрші қала, аудан, ауылдардан да таңертеңнен бастап жүздеген адам кезекке тұрып, өтінім жазып жатыр.
Бүгінгі күнде 25 мыңнан астам тұрғын жер кезегінде тұр. Инфрақұрылымның барлығын жүргізіп бітпейінше жер берілмейді. Берілген күнде алдымен кезектегілер бірінші болып алады. Одан кейін басқа азаматтарды қарау мүмкіндігі туады. Алдымен инфрақұрылым толығымен жүргізілуі тиіс», — деген қала басшысы қауесет сөзге сенбеуге шақырды.
Сонымен қатар, эфир барысында тұрғын үй құрылысы, жерлердің мемлекет мұқтаждығына алынуы, жылу жүйесі және көшелерге асфальт төсеу мәселесі бойынша ақпарат айтып өтті.
Жалпы, қазіргі таңда мемлекет мұқтаждығына алынатын негізгі аумақтардың жоспары орындалған. Ал, тұрғындар арасында шаhардың 80 пайызы мемлекет мұқтаждығына алынатыны шынайы ақпарат емес. Ол жұмыстар Бас жоспар бойынша іске асатын болады. Сонымен қатар, инфрақұрылым аяқталған көшелерді асфальттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ауа райының апта соңына қарай қайта салқындауына байланысты көпқабатты үйлердегі жылу температурасы да ерекше назарда болады.
@DIDARBEK.KZ