Шымкент көлік прокуратурасы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы заңсыз жолаушылар тасымалы орын алатын орындар – «Көмеш бұлақ» базары маңы мен «Әскери комиссариат» аялдамаларында «Заңсыз жолаушылар тасымалына жол жоқ» акциясы өтті.
Акцияның негізгі мақсаты, облыс тұрғындарына, жолаушыларға және заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге заңды және заңсыз тасымалдаудың айырмашылығын көрсетіп, тек заңды тасымалдау қызметін пайдалану қажеттілігін түсіндіру арқылы заңсыз тасымалға тосқауыл қою болып табылады.
Шара барысында, жолаушыларға өз қауіпсіздігі үшін тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін арнайы логотипі бар автобустар мен шағын автобустарды пайдалануды ұсынып және заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге заң талаптарын түсіндіру мақсатында арнайы жаднамалар (буклеттер) таратылды.
Сонымен қатар, заңды тасымалға енгізу мақсатында, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерді Шымкент көлік прокуроры Ғ.Байғонысов пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Р.Ибрагимов жеке қабылдап ҚР Көлік саласындағы қолданыстағы заңнамаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алдағы уақытта, аталған жұмыстар Шымкент көлік прокуратурасы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тұрақты түрде жүргізілетін болады.