Түркістан қаласында келер аптадан бастап наурыз айына дейін әр сенбі жалпықалалық сенбілік өтеді. Бұл туралы Рашид Аюпов (@the_rashid_ayupov) «Instagram” желісінде тікелей эфир кезінде мәлім етіп, жастар, кәсіпкерлер және барлық ерікті жандарды қала тазалығына жұмыла атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, келер аптадан бастап алдын ала кезекке жазылған азаматтарды жеке мәселесі бойынша әр мөлтек аудандардағы мектептерде карантин режимін сақтай отырып қабылдайтынын да жеткізді. Бұл ретте, қала әкімінің қабылдауына Ғ. Мүсірепов атындағы №17 ғимаратта орналасқан «Халықтық кеңсе» арқылы жазылуға болатынын назарға саламыз.
Шаhар басшысы одан өзге, жол мәселесі бойынша түсіп жатқан өтінімдер «109 — Бірыңғай байланыс орталығы» арқылы тіркеліп жатқанын айтып, мүмкіндігінше тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында алдағы мәслихат сессиясына қаржы бөлу бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтып, көше жағдайына байланысты тас төсеу және басқа жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.
Түркістан қаласында тұрғындар үшін маңызы зор су мәселесіне де Рашид Абатұлы ерекше тоқталды. Биыл қала аумағында 3 су резервуарының құрылысы жүріп жатқанын сөз етіп, оның 2-уі осы жылы аяқталатыны жоспарланғанын айтып өтті. Нәтижесінде, Кентау қаласына қарасты су жүйесі емес, облыс орталығында жеке су резервуары іске қосылып, бұл алда беймезгіл уақытта орын алатын апатты жағдайдардың алдын алуға сеп береді деп күтілуде.
Жалпы, жарты сағатқа ұласқан эфир аясында қала басшысы инфрақұрылым, газ, жол, мектеп мәселелері бойынша да сұрақтарға жауап берді. Ал, қоғамдық көлік мәселесі бойынша жуық арада ақпарат берілетінін айтты.
@DIDARBEK.KZ