Түркістан облысы Мақтаарал ауданында кенттер мен ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынып отыр.
Аудан тұрғындары арасында көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтау жұмыстарына жұмылдыру ісін аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев бастап шықты. Жер-жерлерде арнайы бекітілген кесте негізінде жұмыстар жүргізіліп, Атакент кентінде жастардың белсенділігі бірден көзге түсті.
Аталмыш сенбілікке шыққан Атакент кентіндегі Мақтаарал аграрлық колледжі студенттері мен ұстаздары жол бойлары мен «Алпамыс» саябағы мен «Мақтаарал» стадионының маңын күл-қоқыстардан, жапырақтардан тазартты. Колледж студенттерімен бірге Ауған соғысы ардагерлері, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Түркістан облысының Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Мақтаарал аудандық филиалының қызметкерлері, ауданның ерікті жастары қолдарына күрек-тырма алып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Сенбілік барысында аудан әкімінің орынбасары мен майдангерлер жастармен еркін форматта тілдесіп ой-пікірлерін тыңдады. Саябақтар мен көшелерді, арық-атыздарды тазалап, белсенділік танытқан азаматтарға алғыстарын білдірді.
«Күн жылынғаннан бастау алған тазалық жұмыстарымызға қатысушылардың саны күн санап артып келеді. Бұл дегеніміз – тұрғындардың туған өлкеге деген махаббаты, жанашырлығы деп білеміз. Қазірде аудан аумағында тазалықты сақтау мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатырмыз. Құдай қаласа алдағы уақыттарда аудан аумағыга түрлі көшеттерді отырғызатын боламыз” дейді Алтын Ешанқұлова.
Шараны ұйымдастырушылар сенбілік жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалық жұмыстарын сақтауға ауыл ақсақалдары да тартылатындығын айтады.
@DIDARBEK.KZ