Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған, Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл — 32 жыл.
Осыған орай, бүгін соғыс ардагерлер аллеясындағы жауынгер-интернационалистердің ескерткішіне аудан әкімі мен ауған соғысының ардагерлері және зиялы қауым өкілдері гүл шоқтарын қойып, зұлмат соғыста бақилық болғандарды 1 минуттік үнсіздікпен еске алды. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Адамзат баласы үшін соғыс қаралы ұғым. Өйткені, қасіреті мен тауқыметі аяққа нық тұрған елдердің өзін есеңгіретіп жібереді. 10 жыл 238 күнге жалғасқан Ауған жеріндегі сұрапыл соғысқа, Түлкібас ауданынан 118 жауынгер аттанып, 10 азамат құпия соғыста мәңгілікке көз жұмды. 15 ақпан кеңес әскерінің ұрыс даласынан шығарылғанына 32 жыл толуына орай әр жауынгердің отбасына 40 айлық есептік көрсеткішті құрайтын материалдық көмек берілді.
Жас жеткіншектер соғыс майданына аттанып, соғыс ардагерлері болып оралды. Бүгінде осы ардагерлеріміз Ауған жерінде болған сұм соғыстың қиын-қыстау кезеңдерін, ерлік пен даңқты батыр-қаhармандары туралы естелік айтушы тұлғаларымыз. Сарбаздарымыз өздерінің әскери міндеттерін адал орындап, әскери қызмет соңына дейін нағыз сарбаз атағына лайық бола білді.
@DIDARBEK.KZ