Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан Адалдық алаңы – Сапалы жол» жобасы аясында облысқа қарасты Сарыағаш ауданының автомобиль жолдары зерделеніп, жол төселімінің сапасы мен қауіпсіздігіне кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты — автокөлік жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және жолдарды төсеу және жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу, сондай мемлекет бюджетінен салынған жолдарға қоғамдық бақылауды күшейту.
Жол сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев, Сарыағаш ауданы бойынша жол саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ердәулет Әдиат, облыстық Арнайы мониторингтік топ мүшелері, облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» РМК мамандары, сондай-ақ жауапты мердігер компанияның басшылары мен БАҚ өкілдері қатысып, Жартытөбе, Қабланбек ауылдық округтеріне қарасты 6 көшеге төселген жаңа жолдардың сапа деңгейін бақылады.
Жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы салынған асфальт бетон жамылғысынан сынамалар алынып, бірқатар кемшіліктер анықталды.
Мониторингтік тексеру жұмыстары кезінде Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан Д.Қонаев көшесінің 6 үй маңайында тегіссіздіктер және Алтынсарин көшесінің 29 үй маңайында жабындының жарылу деректері анықталса, Қабланбек ауыл округіне қарасты Бейбітшілік көшесінің асфальтбетон жамылғысынан шашылу ақаулары бар екендігі белгілі болды.
Нәтижесінде, мердігерлер жұмысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша акт түзіліп, мердігер мекеме басшыларына қайта жөндеуден өткізуге нақты ұсыныстар берілді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
@DIDARBEK.KZ