«Адал ұрпақ» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев пен ақпараттық-ағартушылық штабының өкілдері №131 жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымы мен оқушыларымен «Парасаттылық сабағын» өткізді.
Шара барысында қатысушыларға адалдық пен парасаттылық ұғымдары, сонымен қатар, өскелең ұрпақтың адамгершілік құндылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі жайында айтылды.
Парасаттылық сабағында спикерлер еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін жеткізіп, сабақты жақсы оқуға, кез-келген жетістікке өз білімімен, адал жетуге шақырды. Кездесуде ақын-жазушылардың, белгілі тұлғалардың шығармашылығы мен өмір жолынан мысалдар келтіріліп, барлық жағдайда адал, әділетті болу қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, мектеп ұжымына тұрақты түрде оқушыларға аталған тақырыпта түрлі форматтағы шаралар ұйымдастыру, мектепте заңсыз ақша жинамау қажеттігі айтылды.
Онлайн шарабарысында оқушылар жемқорлыққа қатысты өз ойларын ортаға салып, адалдық жайында пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, бұған дейін осы тұрғыдағы шаралар қалалық білім басқармасына қарасты №4 және №5 жалпы орта білім беретін мектептерінің қызметкерлері мен оқушылары арасында ұйымдастырылған болатын.