Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: КӘСІПТІК ОҚЫТУ МАМАНДЫҚТАРЫ БЕКІТІЛДІ

ШЫМКЕНТ: КӘСІПТІК ОҚЫТУ МАМАНДЫҚТАРЫ БЕКІТІЛДІ

Шымкентте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы да жалғасады. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың 30-дан астам тиісті мамандық тізбесі бекітілді.
Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілдері хабарлады. Қала тұрғындарын оқыту тізімінде дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрі, тас қалаушы, кран машинисті, визажист, шаштараз, аспаз және тағы да басқа қажет мамандықтар бар.
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы биыл жалпы 2500-ден астам азаматты оқуға жолдауды жоспарлап отыр. Оқу мерзімі 3 ай. 1 ай теориялық тұрғыда оқыған шәкірттер 2 ай тәжірибе жинақтайды. Оқуға жолданған азаматтарға ай сайын 17 000 теңге шәкіртақы қарастырылған, — дейді кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Асылбек Наурызбаев.
Бұл оқыту курстарына жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, 18 жастан асқан және зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Ал студенттер қатыстырылмайды. Оқуын тәмамдаған азаматтарға біліктілік куәліктері табысталады. Сол құжат арқылы азамат мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6%-дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады.
Асылбек Алдабергенұлының айтуынша, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады. Оқуға қатысамын деушілер қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, мына құжаттарды тапсыруы қажет:
1. Жеке басын куәландыратын құжат;
2. Еңбек кітапшасы (болған жағдайда);
3. Білім туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом, сертификат) көшірмелері;
4. Денсаулығы туралы №086-У анықтаманың көшірмесі (қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылданғаннан кейін қосымша ұсынылады);
5. 20 сандық банк шотының реквизиты (Jusan Bank).
Қазіргі таңда оқу курстары сәуір айына белгіленіп, 1000-ға тарта азаматты оқуға жолдау жоспарлануда.
Жалпы, 2020 жылы 1196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өтсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2000 адам жолданды, 1990 азамат оқуын бітіріп, куәліктерін алды. Нәтижесінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан кейін 1590 адам жұмыспен қамтылды.
Ал қала тұрғындары қосымша ақпаратты жұмыспен қамту орталығынан біле алады. Мекенжайы: «Нұрсәт» шағынауданы, С.Бәйтереков көшесі, 89-ғимарат. 1-қабат, №5 кабинет. Байланыс тел: 8 775 053 39 41.

Пікір жазу