Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қаладағы жоғарғы оқу орындары мен арнайы орта оқу орындары студенттері арасында сауалнама жүргізді.
Оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықтың ағымдағы деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырылған онлайн сауалнамаға мегаполистегі 9 университет пен 38 колледж студенттері, жалпы саны 9000-ға жуық жастар қатысты. Оның ішінде ЖОО қатысқан студенттердің саны — 4067 болса, ал колледждерден 4367 студент қатысты.
Сауалнама қорытындысы бойынша сауалдарға жауап берген жастардың 55 пайызы оқу орындарында жемқорлық фактілері жоқ деп көрсеткен. Алайда сауалнамаға қатысқан студенттердің 19 пайызы оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлық көрінісі емтихан барысында кездеседі десе, 11 пайызы рейтингтік аптаны қорыту кезінде, 6 пайызы өндірістік тәжірибе өту барысында деп көрсетсе, 9 пайызы дипломдық жобаны жазу және қорғау кезінде деп белгілеген.
Сонымен қатар, 91,1 пайызы білім беру орындары әкімшілігі жемқорлықтың алдын алуда жүйелі жұмыс жүргізіп отырғандығын белгілесе, 9,9 пайызы мүлдем жұмыс жүргізілмейді деп көрсеткен.
Сыбайлас жемқорлық фактісіне тап болған жағдайда қайда хабарласу керек екенін 87,7%-ға жуық студенттер хабардар екендіктерін көрсеткен.
Сауалнама қорытындысы ЖОО және колледж басшылығына жолданып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізу ұсынылды.
Айта кетейік, Жобалық кеңсе тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.