Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында «Тәрбие отбасынан басталады» тақырыбында ауыл жастарының форумы өтті.
Жиынға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев, Қазақстан өзбектері «Достлик» қауымдыстығының төрағасы И.Хашимжанов, облыстық білім басқармасының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшылары мен мамандары және 600-ден астам жастар қатысты.
Іс-шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асыру және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Форумды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Бақтияр Мамаев өз сөзінде Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттерге тоқталып, оны іске асыруда жастарға артылар жауапкершілік жайын сөз етті. Ал, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, этносаралық татулықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Елдің бірлігі, татулығы мен тыныштығының арқасында бүгінгі табыстарға жетіп, елдігімізді нығайтып келеміз. Ендеше, ел бірлігі – кейінгі буынға аманаттар ең басты байлығымыз болуы керек. Ол үшін осынау жалпыұлттық құндылықтар жайлы әңгіме әрбір отбасыда, дастархан басында айтылуы тиіс, – деді Мұратәлі Оразалыұлы.
Еркін форматта өткен шара барысында жастар дін, жастар саясаты, жұмыспен қамту, білім саласына қатысты өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды. Форум соңында оған қатысушылар жастарға арнап өзара достық пен ынтымақты сақтап, нығайту жөнінде үндеу жариялады.