Үшінші мегаполистегі көктем мерекесіне орай іс-шараны Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының славян этномәдени бірлестігі мен қалалық орыс драма театры ұйымдастырған.
Орыс драма театрының ғимаратында өткен масленицада қаладағы 15-ке жуық өнер ұжымы, балалар ансамбльдері көрерменге мерекелік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл — күй сыйлады.
Бұл күні түрлі сахналық көріністер, ұлттық билер, хор әндері шырқалып, балаларға жұмбақтар жасырылды, сыйлықтар таратылды. Славян әдебиетінің частушка жанры да орындалды.
— Бүгін — Көрісу күні. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әз Наурыз елімізде он күн бойы атап өтіледі. Шымкентте де осы онкүндікте жүзден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталады. Сол сияқты славян халықтарының Масленицасы да — көктем мерекесі. Баршамызды жыл басымен құттықтаймын, — деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Манатбек.
Бұл күні театр фойесінде шымкенттік қолөнершілер мен шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, көрме ұйымдастырылды.
Н.Бектаев, Шымкент келбеті.