Бүгін Шымкент қаласында Көрісу күніне орай «Наурыз: жаңа арман, жаңа үміттер» атты салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ұйымдастырылған мерекелік шараға қала әкімі М.Әйтенов, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар, жастар өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Барша жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаған қала басшысы бүгінгі көрісу күнінің мағынасына тоқталып өтті.
«Қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-біріне қонаққа барып, хал-жағдай сұрасып, бір-бірімен көріскен екен. Бұл дәстүр Қазақстанның батыс аймақтарында жақсы сақталған. Биыл елімізде Наурыз мейрамын атап өтудің концепциясы әзірленіп, мереке бүгіннен, яғни 14 наурыздан 24 наурызға дейін, 10 күн қатарынан атап өтеміз. Қазақстандағы ең жылы қала — шырайлы Шымкентіміз биылғы Наурызға ерекше дайындықпен келіп отыр. «Наурыз Шымкентте басталады» ұранының аясында бұл мерекені жылда жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз»,-деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар әкім Наурыз — Шымкентте халықаралық деңгейде жыл сайын атап өтілетін, оған әлемнен туристер ағылатын мерекеге айналдыру мақсаты тұрғанын жеткізді.
Іс-шара барысында Наурыз туралы деректі фильм көрсетіліп, «Көрісу» атты театрландырылған көрініс болды. Көрісу рәсімі кезінде санитарлық талаптар сақталған. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.