Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ЕҢБЕГІ ЕРЕН

ЕҢБЕГІ ЕРЕН

Түрлі төтенше жағдайды жоюға аттанатын өрт сөндіруші мен құтқарушы үшін әрбір шақыру физикалық және психологиялық тұрғыдан үлкен дайындықты қажет етеді. Олар жаттығу жасау арқылы физикалық тұрғыдан шынықса, моральдық қолдауды осы саланың психолог-мамандары көрсетеді. Бүгінгі күннің батырларына күйзелісті, қобалжуды, бойдағы үрейді жеңу үшін психологтың көмегі ауадай қажет.
Осындай жауапты қызметтің иесі, тәжірибелі маманның бірі — Аида Дүмшебаева. Ол Шымкент қаласы ТЖ департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде жедел-құтқару жасағының бас психологы болып 2011 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Ол өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі барысында әр түрлі ауыр жағдайлар орын алып, күйзеліске түскен сәттегі эмоцияны жеңуде, сабырға келуіне көмек көрсетеді.
–Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Құтқарушыларды күйзелістен құтқару маған қуаныш сыйлайды,-дейді маман.
Аида Лесбекқызына бұл саланың әрбір қызметкері сеніп, сырын ақтара алады. Маман аянбай еңбек етумен бірге, өзінің біліктілігін де шыңдап келген. Бұл бағытта Аида «Медицинадағы психологиялық реабилитация» шеберлік сыныбына, «Практикалық психология. ҚР ІІМ ТЖК қызметкерлерін дайындау» курсына, «Практикалық психология. Динамикалық байқау тобының диагностикасы және оны түзету» семинарына және «Қысқа мерзімде шұғыл отбасылық кеңес» бағыты бойынша сабақтарға қатысып отырған.
Осындай біліктілігі жоғары маман барда әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы өзін психологиялық ауыр жағдайдан құтқарып алатынына сеніммен қарайды.

Пікір жазу