Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен 20 қыз баланың тұсауы кесілді.
Тұсаукесер рәсімге өңірдің танымал аналары, қыз-келіншектері Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатының директоры, айтыскер ақын Маржан Есжанова, Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ақмарал Құдайбергенова, ОҚМПУ ректоры, т.ғ.к., доцент Гүлжан Сүгірбаева, ОҚМПУ оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Баршагүл Исабек, Тілдерді Оқыту-Әдістемелік Орталығының директоры Нурила Жұманова қатысты.
Игі жақсылар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Тұсаукесер рәсімі қайырымдылық бағытта өтті.
Орталықта алдағы уақытта да дәстүрге сай танымал тұлғалар бүлдіршіндердің тұсауын кесетін болады. Тұсаукесер «балам өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын» деген ата-ананың ниетімен жасалатын дәстүр. Кез келген табысқа жеткен тұлғаның негізі балалық шақта жатыр. Қадам басуға талпынған сәбиіңіздің болашағы жарқын, жолы ашық болсын десеңіз, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ысырапсыз, дәстүрге сай тұсауын кесуге шақырады.
Айта кетейік, аталған орталықта күні кеше 1-3 жас аралығындағы ұл балалардың тұсауы кесілген болатын.