Шымкентке көшіп келген қандастар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында» алты ай бойы тұрады. Осы уақыт аралығында орталықта қандастардың елге бейімделуі үшін бірнеше қызмет түрлері көрсетіледі.
Мұнда ата жұртын аңсап келген ағайынға алдымен қазақы салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз насихатталады. Қызметкерлер түп-тамырымызды тануға мүмкіндік беретін түрлі әдет-ғұрыптарды дәріптеп, түрлі ұлттық ас мәзірін, қазақы тұрмыс-тіршілікті дәріптейді. Бұл олардың елге тез бейімделіп кетуіне оң әсер етіп, баға жетпес құндылықтарымызды бағамдауға мүмкіндік береді.
Ал психологтар түрлі тренингтер ұйымдастырып, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, заңгерлер қандастарға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп, негізгі заңнамаларды түсіндіреді. Онымен қоса қандастарды түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына баулып, жұмысқа орналасуына да ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда орталықта 12 отбасы тұрып жатыр. Жыл басынан бері қалаға көшіп келген 300-ден астам мүшесі бар 227 отбасына қандас мәртебесі берілді.