Қазіргі таңда, бұл вакцина Қан орталығындағы мұздатқыш камераларында уақытша сақталып, ертеңнен бастап емханаларға таратылады. Вакциналауға медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде 21 егу кабинеті дайындалған.
Бұл жөнінде баспасөз брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баяндады.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, жеткізілген вакцина медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге және полиция қызметкерлеріне салынады.
Бүгінге дейін шаһарда 5827 азаматқа ковидке қарсы вакцина салынған. Оның 3505-і медицина қызметкері, 1469-ы мұғалім, 128-і полицейлер, ал қалғандары әр түрлі санаттағы азаматтар. Вакцина қабылдаған азаматтардың барлығында жанама әсері байқалмаған.
Әйтсе де, қаланың бас дәрігері сақтық шараларын қатаң ұстану керектігін ескертеді.
-Өткен тәулікте 28 адам КВИ инфекциясын жұқтырса, жыл басынан бұл дерттен 15 адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың барлығы да 60 жастан асқан созылмалы сырқаттары бар науқастар болып отыр. Егер біз санитарлық талаптарды сақтамасақ, жасыл аймақтан сарыға, онан қызылға өтуіміз мүмкін. Ауа райының құбылмалы болуына қарай, балалар арасында суықтап ауырғандар көбеюде. Осы орайда ата-аналарға тағайындалмаған дәрілік заттарды өз бетінше қолдануға болмайтынын айтқым келеді,-деді Б.Позилов.
Айта кетейік, 2020 жылдың 24 наурызынан 17 наурыз дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 6 417 жағдайы тіркелді. (3 282 симптомды, 3 135 симптомсыз). 5643 адам емделіп шықса, 94 адам көз жұмған. Қазіргі таңда КВИ-мен 69, ЖРВИ-мен 140, пневмониямен 15 науқас ем қабылдап жатыр.
Ал, 1 тамыздан 17 наурызға дейін COVID-19 белгілерімен (ICD-10 коды — U07.2) пневмонияның 1473 жағдайы тіркелген. Бүгінгі күні қалада 1 060 төсек — орын бар (жұқпалы — 560, карантин — 500), оның 834 төсек – орны бос.