Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы ерекше. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне баса назар аударған. Ұлттық ойындар – қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнері, жауынгерлік жаттығу ретінде қолданылған.
Бүгін, 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні» аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Ұлтық ойын – ұрпақты шыңдайды» атты іс-шара өтті.
Шараның мақсаты — қазақ халқының отбасылық тәрбие ғұрыптарын қайта жаңғырту барысында жас баланың ой-өрісін ұлттық ойындар арқылы дамыту әрі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың түрлерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау.
Бұл ретте ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні орасан зор. Шара барысында мектеп оқушыларының қатысуымен «Асық ойындары», «Арқан тартыс», «Алтыбақан», «Асаумәстек», «Мешкей» сынды түрлі ұлттық ойындар өтті. Сайысқа қаладағы №30, №59 №69 мектеп оқушылары, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері жалпы 50-ден аса жас қатысты. Нәтижесінде топ жарған жеңімпаздар алғыс хатпен марапатталып, оларға сыйлықтар табысталды.
«Бүгінгі сайыс өте қызықты өтті. Жиі-жиі ұйымдастырылса деген ниет бар. Ұлттық ойындардың ішінде біз білмейтін түрлері көп екен. Асықты жалпылама ойнаймыз ғой, ал «Асаумәстек деген ойынды бірінші рет естуім. Енді бұл жақтан білгенімді, көргенімді достарыма жеткіземін», — дейді асық ойынынан жеңімпаз атанған Мырзабай Әділет.
Айта кетейік, шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.