Бүгін қалалық көрме орталығында «Әл-Фараби» атындағы ғылыми — әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Наурыз тойы – мерекем, салт — дәстүрім – берекем» атты қолөнершілердің шеберлік сабағы өтті.
Жиынды Әл-Фараби атындағы ғылыми — әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева ашып, іс-шараның маңызына тоқталды.
– Ұлттық өнердің жанашырлары, Ұлыстың ұлы күні алдындағы кезекті іс-шарамызға қош келдіңіздер! Биыл Шымкент қаласы әкімінің тікелей қолдауымен наурыз мерекесі ерекше ерте басталды. Мархабат Байғұт ағамыз айтқандай, «нәурізек келсе, наурыз басталды дей беріңіз» деп, біздің кітапхана бұл күнді салт — дәстүрдің бірі және бірегейі болған қолөнерге арнап отыр, – деді Гүлмира Батырбайқызы.
Аталған іс-шарада ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген №127 мектебінің ұстазы Ақбөпе Қайсарқызының шәкірттері №59 мектеп оқушыларына шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар түрлі қолөнер бұйымдарының жасалу жолы мен қыр — сыры түсіндірілді. Жиын соңы тұсаукесер рәсімімен жалғасып, қазақтың тағы бір салт — дәстүрі насихатталды.
Айта кетейік, тұсаукесердің жібі «көбейіп, көгере берсін!» деген ниетпен көк шөптен есіп жасалған. Ал ақ жайма Ақбөпе ұстаздың «бүлдіршін жүректі, білімді болсын, қырандай самғап, күндей жарқырасын!» деген ақ пейілімен тігілген.