Алдағы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында бірыңғай Call-орталығымен планшет арқылы байланыспен жабдықталған 74 бірлік санитарлық автокөлік жұмысын бастайтын болады. Аталған жаңа жүйе әрбір медициналық көмек бригадасына науқасқа жету уақытында онлайн режимде пациент туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы қаладағы №4 облыстық перинаталды орталығында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастаған жұмысшы топ алдында баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев мәлім етті.
Облыстың медициналық ұйымдарын кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезеңге сәйкес, жыл басынан бері облыстың 35 амбулаториялық-емханалық ұйымында медициналық ақпараттық жүйе орнатылған. Екінші кезеңге сәйкес жылдың соңына дейін 68 медициналық ұйымда медициналық ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.
«Облысымызда кешенді медициналық ақпараттық жүйе қолданысқа енгізілуде. Бұл жүйені іске асыру үшін біз компьютерлік техниканың 8582 бірлігін сатып алдық. Жылдың соңына дейін облыстың барлық медициналық ұйымдары 100 пайыз компьютермен жабдықталатын болады. Яғни, бірыңғай сервер медициналық ұйымдарды пациент туралы электрондық ақпарат алмасу үшін байланыстырады. Жинақ ақпарат автоматтандырылған түрде жергілікті атқарушы органдардағы ситуациялық орталығына түсіп отырады», – дейді Мұхан Егізбаев.