Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ХАБАРЛАМАЛАРДЫ ТӘУЛІК БОЙЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

ХАБАРЛАМАЛАРДЫ ТӘУЛІК БОЙЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралдарының бірі азаматтарды жемқорлық туралы хабарлағаны үшін көтермелеу институты болып табылады.
Осы тетіктің тиімділігін күшейту мақсатында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі енгізілген.
Бұл туралы «Antikor.Live» жобасы аясында өткен тікелей эфир барысында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев хабарлады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.
Мәселен, әкімшілік жауапкершілікті көздейтін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермелеу белгіленген, яғни 87 510 теңгені құрайды (2021 жылы 1 АЕК – 2 917 теңге).
Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 40 айлық есептік көрсеткіш; ауырлығы орташа – 50 айлық есептік көрсеткіш; ауыр – 70 айлық есептік көрсеткіш; аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 100 айлық есептік көрсеткіш (291 700 теңге) қаралған.
«Сыйақы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы көптеген елдеріндегі сияқты сараланған. Мұндай жүйе Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг елдерінде жүзеге асырылады.
Бұған дейін ең жоғары төленетін сома 100 айлық есептік көрсеткішті құраса, енді пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара немесе залал сомасының 10 пайызын ала алады, бірақ бұл көрсеткіш төрт мың айлық есеп көрсеткішінен (11 млн. 668 мың. теңге) аспайды» — деді Талғар Серікбаев.
Мәселен берілген ақпараттың соммасы 50 млн. теңгені құрайтын болса, 5 млн теңге сыйақы алады, ал 150 млн. теңгені құраса 11 млн 668 мың теңге беріледі.
«Қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттік орган қоғам тарапынан қолдау арқылы ғана табысқа жетеді» — дейді спикер.
Тікелей эфир барысында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы Департаментке тікелей немесе 1424 Call-орталығының бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болатындығы хабарланды.
1424 Call-орталығындағы операторлар Агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап береді, жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар жөнінде, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларына тәулік бойы ден қояды.
Департамент азаматтарға толығымен ашық, деген спикер азаматтарды жемқорлықпен күресте белсенділік танытуға шақырады.

 

 

Пікір жазу