Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ақпараттық-ағартушылық штабының және «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірлесе түрлі сала өкілдерімен кездесулерін жалғастыруда.
Кезекті онлайн шара Түркістан облысының фтизиопульмонология орталығы ұжымымен өтті.
Шарада сөз алған Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев азаматтардың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғандығына қарамастан, денсаулық сақтау саласында жемқорлық тыйылмай отырғандығына тоқталды.
Сонымен қатар, спикер жемқорлық дертімен күресте мемлекет пен қоғамның тығыз серіктестігі ғана табысты қарсы тұруға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды.
Қоғамның қолдауы аса маңызды, — деген Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, қазіргі таңда тұрғындар тарапынан белсенділік артып отырғандығын жеткізді. Соның бірі, жақында ғана аталған Диспансердің қызметкерлеріне қатысты 1424 Call-орталығына келіп түскен шағымдарға тоқталды.
Сондай-ақ, Т.Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңашылдықтары туралы егжей-тегжейлі баяндап, басшылардың қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық үшін дербес жауапкершілігіне тоқталды.
Ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков қарғыс емес, алғыс алатын денсаулық саласында жемқорлыққа жол беру өте ұятты іс екендігін атап өтіп, адал қызмет етуге шақырды.
Шара соңында облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбеков шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ұжым арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шаралар жүргізілетіндігін айтты.