Мектеп оқушыларын дұрыс жолға салатын, болашақта тәртіпті азамат болуына өз септігін тигізетін жандар — ол ата-ана, мұғалім және ювеналды полиция инспекторлары. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың және құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау аса жауапты мәселе болғандықтан Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасы Ювеналды полиция қызметкерлері үнемі кең ауқымды профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырып тұрады.
Мектеп инспекторлары қызметі тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келеді. Оның қызметі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, оларды бұралаң жолдың қалтарысынан қорғау болып табылады.
2021 жылдың 19 наурызында Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасының Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция лейтенанты Шолпан Тугелова қаладағы №85 мектептің жоғары сынып оқушыларына жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу туралы сабақ өткізді. Түрлі көрнекі құралдармен оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, балалардың белсенді қатысуын қадағалады. Бұл сабақтардың негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Іс-шара барысында мектеп инспекторы оқушыларды тәртіпті болуға, адамгершілікті ұстануға, жақсы оқуға, уақытты тиімді пайдалануға және спортпен шұғылдануға шақырды. Кәмелетке толмаған тұлғалардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершілігі туралы хабардар етілді.