Отырар ауданындағы «Алаш» этноауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Салт—дәстүр ұлттық рухтың негізі» тақырыбы аясында облыс жастарының «Ауылдағы бір күнім» реалити байқауы өтті.
Сайдың тасындай іріктеліп, 5 командаға бөлінген жастар ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, жастардың бойындағы шығармашалық қабілеттері мен өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында өзара сынға түсті.
Сайыста ер жігіттер мал сойып, атты ерттеп, отын жарып, самаурын қойып, жүн қырқса, бойжеткендер таба нан пісіру, түйе сауу, күбі пісу, құрт жасау, бауырсақ пісіру секілді сындардан өтті.
Ұлттық дәстүрлерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде айрықша маңызға ие жобада бар өнерлерін ортаға салған сайыскерлер бір сында жеңіліс тапса, келесі сында есе қайтарып, көрермендердің делебесін қоздырып, тамаша көңіл күй сыйлады.
Әсіресе, жастардың атты ерттеуі, мал сою, жүн қырқу, күбі пісу, құрт жасау сәті тартысты әрі шиеленісті өтіп, қазылар алқасының баға беруіне де қиындықтарын тудырды.
Сайысқа қатысушыларға әділ бағаларын берген қазылар алқасының шешімімен жобаға қатысуда айрықша белсенділігі үшін «Алаш» тобы ынталандыру сыйлығына ие болса, үшінші орын «Қазақ жастары» командасына бұйырды. «Ай медет» тобы екінші орын алса, «Самұрық» тобы жүлделі бірінші орынды алды.
Жобаның бас бәйгесін – «Сарыжайлау» тобы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы сыйлықтармен марапаттаған аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебековтер Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатын өскелең ұрпақтың арасында жан-жақты насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда қосқан үлестері үшін жастарға алғыстарын жеткізді.
Мұндай игі істерді одан ары жалғасын табатындығы айтылып, жастардың алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.