Наурыз мерекесіне полицейлер балалар үйіне қайырымдылық жасады. Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері балалар үйіне қамқорлық жасауды дәстүрге айналдырған. Наурыз мерекесіне орай Қаратау аудандық полиция басқармасы мен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері балалар үйіне бас сұғып, балғындарды түрлі тарту-таралғы, сыйлықтармен қуантып қайтты.
«Әрбір бала бақытты болу үшін жаралған» демекші, Наурыз мерекесі қарсаңында №4 балалар үйіне барған Қаратау аудандық полиция басқармасы мен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері ондағы тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтады. Ойыншықтар мен тәттілерді көрген балалар мәз-мейрам болып қалды.
Өз кезегінде, №4 балалар үйі директорының орынбасары Бектемисова Алия Құрманқалиқызы полицейлерге көңіл бөліп, көмек көрсеткені үшін рахметін айтты.
— Әрбір бала бақытты болуға лайықты. Біз полиция қызметкерлеріне өте ризамыз. Бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары түрлі сыйлықтар тарту етіп, балаларды қуантып отыр, деді.
Сыйлықтар табыс етілген соң, балалар полицейлерге өз ризашылықтарын білдірді.
Балалардың жүзінде күлкі үйіруге себепкер болған тәртіп сақшыларына қызметте табыс, дендеріне саулық тілейміз!