Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТТІ

ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТТІ

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы мен Шымқаламыздың 2200 жылдық мерейтойларының аясында, 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Жеті шаңырақ» мейрамханасында «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты танымдық шара өткізді. Шараның мақсаты ұмытылуға айналған ұлттық тағамдарын ұсынып жүрген «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» т.б. мейрамханалар желісінің имиджін төл тағамдар насихаттау арқылы көтеру. Көне заманнан бастау алған ұлттық асымызды жаңғыртып, туристерге қаламыздың тағамтану мәдениетін таныту.
Танымдық шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Құрманғали, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының» директоры, белгілі әнші Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Мұқасан Шахзадаев, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиоларының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбек, «Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма» басшысы Мәди Манатбек, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева, белгілі әнші Мақсат Базарбаев, танымал блогер-журналистер мен жергілікті белсенді әлеуметтік желі қолданушылары қатысты.
Әдетте қазақтың асханасы десе, әуелі көз алдымызға ет пен сорпа, бауырсақ пен қымыз келеді. Дегенмен, көшпенділер асының біз білмейтін сан түрі бар. Айталық, зерттеушілер мен этнограф ғалымдар қазір қолданыста жоқ тағамның 200-ге жуық түрін тапқан. Бүгінгі танымдық шарада соның біразы жұртшылық назарына ұсынылды.
Іс-шараға қаламыздағы танымал мейрамханалар атап айтсақ, «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» сынды мейрамханалардан келген аспаздар қатысып, «Қарын бөртпе», «Шеке асы», «Жаужүрек», «Өрмесүт», «Көмбе», «Белкөтерер», «Сірне», «Үлпершек» т.б. ұлттық тағам түрлерінің жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен, тәжірибесімен бөлісті. Ұлттық тағамдардың түр-түрі қойылған ақ дастархан жайылып, келген қонақтарға ұсынылды. Игі жақсылар бүгінгі бастамаға ізгі тілектерін айтып, қолдау білдіретіндерін жеткізді. Танымдық шара соңында мейрамхана басшылығы мен аспаздар қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаның алғыс хатымен марапатталды.
Алдағы уақытта қаламыздың танымал мейрамхана және салтанат сарайларының ас мәзіріне ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыз енгізілетін болады.
Осылайша, Шымқалаға келетін туристер салт-дәстүрімізді ғана емес, қазақы асхананың ерекшеліктерімен де таныстыруды көздейді.
Дәстүрлі қазақы астың ерекшеліктері арқылы халқымыздың салтын тануға болады. Әр тағамында терең түсінік, астарлы мән жатыр. Қонақжайлық мәдениетінің де биік болуы содан болар. Бүгінгі өткен танымдық шарада осы үрдіс көрініс тапты.

Пікір жазу