Шымкент қалалық сотының бастамасымен Медиация институтын одан әрі дамыту мақсатында көп жақты Меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, қалалық сот, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Самғау сенім орталығы» және қаладағы Медиация Орталықтарының басшылары бірлесе жұмыс жасауға келісті. Бұл туралы «Оңтүстік» телеарнасына сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Адамдарды келісімге келтіру соттардың жұмысының басым бағыты. Сондықтан еліміздің барлық соттарында татуластырушы судьялар қызмет етеді. Сотқа келген әрбір іс бітіммен біту ықтималдығы бойынша сараланып, соттасушылармен келісімге келу мүмкіндіктері талқыланады. Бұл өз нәтижесін көрсетіп келеді. Енді оны одан әрі дамыту мақсатында жергілікті атқарушы, басқа да мүдделі органдармен Мемарандумға отырмақпыз, — деді Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірханов.
Берік Мейірханов — Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы: Мемлекетіміздің ең басты мақсаты — әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсарту. Сол себептен де бүгінгі меморандумға қол қойып отырмыз. Меморандум аясында өзара бірлесе отырып, ортақ және өңірлік деңгейде медияцияның дамуына үлесімізді қосамыз деп отырмыз.