Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ЖҮЗ ЖАҢА ЕСІМ: АЛИШЕР САТВАЛДИЕВ

ЖҮЗ ЖАҢА ЕСІМ: АЛИШЕР САТВАЛДИЕВ

Алишер Гапиржанұлы – «Жанубий Қозоғистон»  облыстық қоғамдық-саяси  газетінің директор-бас редакторы

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өзбек жастарының жетекшісі, белсенді азамат Алишер Сатвалдиев өзінің еңбек жолын «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалында есепке тіркеу секторының меңгерушісі ретінде бастағанымен, оған дейінгі мектеп кезі мен студентшағында да жастар саясатын жүргізудің озық үлгісін көрсетіп, белсенділігімен көзге түскен болатын. Ол М.Әуезов атындағы ОҚМУ университетінде оқып жүріп, студенттік өзін-өзі басқару ұйымында студенттік директор лауазымдарында жұмыс атқарды. Білімге деген ынтасының арқасында республикалық деңгейде өткен ғылыми конференцияларға қатысып, мақалалары мен ізденістері түрлі ғылыми жинақтарда жарық көрді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың стипендиясының иегері атанды. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен тамамдап, өзінің нұротандықтар қатарындағы саяси қызметін Сайрам ауданы бойынша партияның «Жас Отан» жастар қанаты филиалының төрағасы ретінде бастады.

2007-2016 жылдарда «Нұр Отан» партиясындағы қызметі барысында партия мүшелерінің саны мен сапасын арттыру, түрлі жылдардағы сайлау науқандарында партия штабының басты маманы ретінде еңбек етті. «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің хатшысы болды. Жемісті еңбегі үшін ҚР Президентінің алғысхатымен 4 рет марапатталды.

2016 жылдың 1 сәуірінен бастап республикадағы өзбек тілінде жарық көретін жалғыз мемлекеттік басылым «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетіне басшылық жасауда. Жас бола тұра үлкен іргелі редакция жұмысына жаңаша серпін бере алды. Оқырмандар санын 15 мыңға жеткізіп,  газет дизайнын жақсартуға қол жеткізді. «Жанубий Қозоғистонның» оқырмандар арасындағы танымалдылығын арттыру бойынша бірқатар шараларды қолға алды. Солардың мысалы ретінде редакцияның сайты жасалып, әлеуметтік желілерде жұмысы жолға қойылғанын айта кетуге болады..

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде «Жанубий Қозоғистон» газеті 2016 жыл қорытындысы бойынша «Үздік басылым» номинациясымен марапатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұйымдастырылатын «Шаңырақ» байқауының басты сыйлығымен марапатталды. Алишер Сатвалдиев қоғамдық өмірде өзін нағыз патриот азамат ретінде көрсете алды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамдық құндылықтарды насихаттау бойынша белсенділік танытып келуде. Әлеуметтік желілерде жастарды ұлтжандылыққа баулу, ұлтаралық достастықты нығайту бойынша атқарып отырған жұмыстарымен көпшілікке танымал.

Бүгінгі таңда өзбек этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы ретінде ел игілігі үшін ерінбей еңбек етуде. Өзбек жастарынан құралған «Яссы» КВН командасын жасақтады. Аталған команда бүгінгі таңда халықаралық Жайдарман ойындарында мемлекеттік тілде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда.

Шымкент

Пікір жазу