Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » 2200 жылдық тарихы бар Шымкент

2200 жылдық тарихы бар Шымкент

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының шыққанына жарты жылдан асса, осы алты айдың ішінде елімізде ауқымды жобалар қолға алынып, жүзеге асуда. Көптеген тың бастамалар, ұлағатты істер Оңтүстіктен бастау алатыны белгілі. Облыс орталығы Шымкент қаласының күніне орай шаһарда күн сайын маңызды жиындар, қызықты шаралар өтуде. Солардың бірі, бірегей археологиялық нысан «Шымкент» көне қалашығында қазба жұмыстарының басталғанына бір айға жуықтады. Біз сол ескі қала аумағына барып, қазба жұмыстарын өз көзімізбен көріп қайттық.

Көне қалашықтағы қазба жұмыстары

Біз барғанда, төбенің басында он шақты адам қызу жұмыс үстінде екен. Мұнда Ә.Марғұлан атындағы археология институтының және М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ғылыми қызметкерлері 1 қыркүйектен бері қазба жұмысын жүргізіп жатыр. Бірі топырақ бетін жәймендеп аршып жатса, енді бірі қазылған топырақты арбамен әрірек апарып, төгіп жатыр. Ал әнебір жерде шағын үстел, орындыққа жайғасқан бір үлкен кісі қағаз бетіне бірнәрсе түсіріп отыр. Екінші қолын жарақаттап, байлап алған екен десек, өзі бір қолынан айырылған екен. Ақ шашты ақсақалдың ұлты – орыс. Қоңыр кепкісін басына қайырып киіп, жұмысына берілген қарт жылы шыраймен амандасты. Жөн біліскен соң, қазба жұмыстарына қатысты сұхбатты іліп әкетті. Ақсақалдың аты-жөні – Александр Глященко. Облыстық ескерткіштерді күзету орталығында жарты ғасырға жуық қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Ол дәл қазір ескі қалашықтың Қоқан хандығы кезеңіндегі қорғандарын аршу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екенін, ол осы Ескі қалашықтағы археологиялық зерттеулер мен табылған көне жәдігерлер негізінде нақтыланып отырғанын белгілі ғалым, тарихшы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев әлдеқашан айтып қойған. Ұсыныстарын да қоса жеткізген.

Деректерге сүйенген ғалымдар Шымкент Қазақстандағы ең ежелгі қала дейді. Яғни, Орта Азиядағы Афрасиаб, Бұхара секілді шаһарлармен шамалас. Бірнеше құрлықтан келген ғалымдар да Шымкенттің 2 мың жылдан асатын тарихы барына келіссе де, мұны ресми түрде бекіту қажет деп отыр. Яғни, оны ЮНЕСКО мақұлдауы тиіс екен.

Б.Байтанаевтың «Шымкенттiң 2200 жылдығы мемлекеттiк деңгейде тойлануы керек» деп жүргені бүгін емес. Азия, Еуропа елдеріндегідей, көне, киелі жерлер мен мұралардан-ақ айтарлықтай табыс табуға бізде де мүмкіндік көп. Ендігі басты мәселе – ескі шаһарды аспан асты мұражайына айналдырып, қаланың археологиялық картасын жасау. Осыны ескерген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өткен жылы көне қала аумағын аралап көріп, Шымкенттің негізі осында қаланғанын, кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді тартатын орталық ететінін де атап өтті. Мысалы, Бакуде көне қалашықта қырыққа жуық галерея бөлімдері жұмыс істейді екен.

Осылайша облыс және қала басшылығы мамандарға маңызды міндеттер жүктеген-ді. Бұдан соң тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Раушан Айғазиеваның айтуынша, ескерткіштерге кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын (археологиялық, сәулеттік, реконструктивтік және реновациялық) жүргізу негізінде шетелдік туризм инфрақұрылымына қосатындай етіп, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мүмкіндігі бар.

Аталған бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк Мәдени және Табиғи Мұра тізіміне енгізуге ескерткіштердің номинациялық деректемесі дайындалған.

«Шымкент» ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-мұражай, ашық аспан астындағы мұражай құру бойынша 2017 жылдың соңына дейін мынадай жұмыстар атқарылмақ: ескі қала орнының бекініс қабырғаларының, сондай-ақ көшелер мен үй-жайлардың шекараларын, көрінісін, планиграфиясын және құрылымын қазынды барысында ашылған сәулеттік-археологиялық құрылмаларының негізіндегі құрылыстық қабаттар мен деңгейжиектерге сәйкес анықтау; Шымкент қаласының мұражайларында экспонаттау үшін көрнекті және бірегей артефакттар алу; Ескі қала орындарының топографиялық және ортофото жоспарларын жасау және дәлдігі жоғары заманауи электрондық жабдықтарды қолданумен қазындылардың, анықталған объектілердің, құрылымдардың, табылымдардың, олардың кейінгі виртуалды қайта құрылымдарын жасауға пайдалану үшін, толық фото және графикалық құжаттамасы зерделенеді.

«Көне Шымкент қалашығы» этномәдени кешені бой көтермек

Біз қазба жұмыстары нағыз қызған шағында барған екенбіз. Мамандар көпғасырлық жер қабатына үңіліп, бүгінгінің басты «Шымкентке қанша жыл?» деген сауалына жауап іздеуде. «Біздің алдымызда қалашықтың оңтүстік және оңтүстік батыс бөлігіндегі қорғандардың қалай соғылғанын анықтау мақсаты тұр, – дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ның ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаев. – Бәрі де ежелгі суреттермен сәйкес келеді. Мұнда қамалға кіретін есік болған. Қазба жұмыстары енді басталса да, қызықты заттар табылды.

Ал Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Нұржан Бейсенов мұндағы жұмыстар үш кезеңге бөлінгенін айтады. Бірінші кезеңде – кейінгі орта ғасырдағы қаланың қорғаныс жүйесі зерттелуде. Яғни, қазір екі мұнараның орны табылыпты. Одан кейін «Оңтүстік және Оңтүстік батыс» бөліктердегі орта ғасырға дейінгі құрылымдардың сырлары ашылады. Соңына қарай Цитадель зерттеледі.

– Қазіргі жоспар бойынша жұмыстар 2018-2020 жылдарға арналған. Біз ғылыми-зерттеу қазба жұмыстарының нәтижесінде базалық мәліметті ұсынамыз. Одан кейін сәулетшілер өздерінің жобаларын жасайды. Биылғы жұмыс бойынша біз сол қорғаныс жүйелері бойынша мәлімет беруіміз керек, – дейді ол.

Бір айға жуық атқарылған жұмыстың нәтижесінде бірқатар материалдар табылған. Мәселен, кіреберіс қақпаның оң жақ бетінен зеңбіректің оғы шықты. Археологтардың тұжырымдауынша, ол ХІХ ғасырға жататын калибр сынықтары. Бұдан өзге білезік, жүзік сияқты әшекей бұйымдары мен 17 қола және күміс тиыннан тұратын көмбе, керамикалық қыш құмыралар шыққан. Қазір бұл жәдігерлерге қалпына келтіру жұмыстары жасалынуда.

Жалпы, мұндағы қазба жұмыстары он төрт метр мәдени қабатты құрайды. Келешекте салынатын «Көне Шымкент қалашығы» этномәдени кешенінің әлеуеті зор. Яғни, мұндағы археологиялық қазбалар қоршалып, оның жанынан қазіргі заман мұражайы, қолөнер шеберлері бөлмесі, сауда-ойын-сауық кешені, мұз айдыны, әмбебап көрме залы, лекция залы, т.б. нысандар бой көтереді. Бұған дейін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 462,5 гектарды құрайтын «Көне қала аумағын толық жайғастыру» жобасы дайындалған еді. Ендігі ретте 2020 жылға дейін көне қала орнын абаттандырып, туристерді тартар нысанға айналдыру міндеті тұр.

Әйгерім Бегімбет

Пікір жазу