Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ БІРҚАТАР КӨШЕЛЕРГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ БІРҚАТАР КӨШЕЛЕРГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шымкентте биыл 295,3 шақырым көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мәлім етті.
– Осы жылдың ақпан айында аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қала көшелеріне зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде автомобиль жолдары саласында 168 нысанды, яғни, 295,3 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстарының схемасы дайындалды. Яғни, 2021 жылы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 63,6 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Е.Жолдасов.
Ержан Жақсылықұлының сөзінше, биыл 21,8 шақырым магистралды көшелер жөнделеді. Олар – Республика даңғылы 5,0 шақырым, Т.Рысқұлов көшесі 4,1 шақырым, Ғ.Иляев көшесі 2,7 шақырым, Б.Момышұлы көшесі 2,1 шақырым, Ж.Тәшенов көшесі 1,7 шақырым, Ж.Шаяхметов көшесі 1,6 шақырым, Ақназар хан көшесі 2,3 шақырым және Клара-Цеткин көшесі 2,3 шақырым. Дегенмен 2021 жылы жол жөндеу жұмыстары барысында шалғай аудандардағы ішкі орамдық көшелердің құрылысына басымдық беріледі.
Баспасөз мәжілісінде белгілі болғандай, қалада жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында проекциялық өткелдер орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл өткелдер пилоттық жоба ретінде Сыпырған Ата көшесі мен Әл-Фараби көшесінің қиылысы және Темірлан тас жолындағы «Satti zhol» жанар-жағармай бекетінің маңына қойылған. Аталған жоба аясында биыл 15 белсенді жаяу жүргіншілер өткелі орнатылады. Осы орайда жол кептелісін шешу мақсатында 8 көше қиылысына (Т.Рысқұлов–Ж.Шаяхметов-1, Ж.Шаяхметов–Арғынбеков-2, Арғынбеков–Бәйтереков-1, Сыпырған ата–Әл-Фараби-1, Арғынбеков–Өтегенов-1, Сыпырған ата–Темірлан тас жолы-1, Т.Рысқұлов–Адырбеков-1, Т.Рысқұлов–Қазиев-2) оң жақ өткел салу жоспарланған.
Айта кетейік, қалада жалпы көшелердің ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрап отыр. Ал аялдама саны – 1 886. Оған қоса биыл жаңадан 256 аялдама орнатылады.

Пікір жазу