Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты карантин талаптарын сақтауды бақылайтын мобильді топ күшейтілген күн тәртібінде жұмыс жасап жатыр.
Бүгін Абай ауданы аумағында орналасқан «Самал» және «Тұлпар авто — бөлшек» сауда базарларын кезекті рет аудан әкімі Бұхарбай Парманов өзі аралап, карантин талаптарының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұдан бөлек, шара барысында адам көп жиналатын аялдамаларда, қоғамдық көліктердегі жолаушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бетперде таратылды.
Сонымен қатар, мобильді топ аудан аумағындағы «Жабық», «Барыс» және Жібек жолы» базарларында ақпараттық жұмыстар атқарды.
Айта кетейік, Абай ауданы аумағында алты мобильді топ құрылып, жұмыс жасауда.
Мамандар қала тұрғындарына сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады. Вирусты инфекцияға шалдыққан адамдардың санының одан әрі артуы немесе артпауы сіз бен бізге байланысты.